Түркістан қаласының құрылысы - мемлекеттік маңызы бар міндет, бұл Елбасының тапсырмасы. Түркістан облыс орталығы ретінде ғана емес, халықаралық түркі рухани орталығы ретінде де қалыптасуы тиіс. Яғни, барлық ғимараттар, құрылыстар, коммуникациялар - қаладағы барлық инфрақұрылым халықаралық талаптарға сай болуы керек. Сондықтан алдағы жыл болашақта қаланы одан әрі дамыту үшін база құру жағынан шешуші жыл болады деп санаймыз. Бұл туралы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа қаланың өзекті мәселелері туралы сұраққа жауап берді.

«Бұл, ең алдымен, инфрақұрылым. Газдандыру, жол желісін салу, сумен, жылумен жабдықтау, электрлендіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатқанын білесіздер. Қалада осы бағыттардың барлығы жаңадан салынып жатыр деуге болады. Сондықтан биыл және келесі жылды барлық инфрақұрылымды аяқтауымыз керек. Бұл жұмыстар жер астында орындалады, көзге көрінбейді, бұл ең маңызды бағыт. Екіншісі - әкімшілік-іскерлік орталық құру. Бұл орталықтың бір бөлігін тамашалай аламыз. Келесі жылы оның негізін аяқтауымыз керек. Ол үшін бірқатар өтпелі нысандар салып, адамдардың өмірі үшін қолайлы жағдайлар жасалуы қажет. Мұнда 177 тұрғын үй салынуда, биыл - 54, қалғандары өтпелі. Келесі жылы аяқталады», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол жолдар, желілер, көшелер, тротуарлар құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Көгалдандыру, суландыру, субұрқақтар... Осының бәрі келесі жылы аяқталуы тиіс. Себебі аса мәртебелі қонақтар келеді деп күтілуде.

«Келесі бағыт - рухани-мәдени орталық. Келесі жылы Наурыз мерекесі кезінде түркі мемлекеттерінің Саммитін өткізу жоспарланып отыр. Бұл үлкен халықаралық оқиға және оған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаралардың бір бөлігі мәдени орталықта өтеді», - деді Шөкеев.

Жергілікті тұрғындар да назардан тыс қалған жоқ. Ескі қалада 200 мың адам тұрады.

«Біз түркістандықтардың өмір сүру деңгейін қазіргі заманға сай деңгейге көтеруіміз керек», - деді облыс әкімі. Бірінші кезекте, су тапшылығы мен көгалдандыру мәселесін шешіп, содан кейін азық-түлік белдеуін және қаланың оң микроклиматын жасау қажет.