ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Айбын-2020» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу барысы туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабының тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Е.Бятов және "Жас Сарбаз "балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы М. Меңдіғалиев онлайн-форматта хабардар етті.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны жас сарбаздардың әскери-патриоттық қозғалысы аясында өткізіледі. Бұл қозғалыс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған.

«Айбын» әскери-патриоттық жиыны жастар талап ететін сандық технологиялармен байланысты әскери-патриоттық тәрбиенің жаңа нысандарын жасауға және өскелең ұрпақтың ел азаматының жоғары патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру болып табылады.

Спикерлердің ақпараты бойынша, биылғы жылы еліміздегі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға және қазіргі заман талабына сай еліміздің жас буынын әскери-патриоттық тәрбиелеуде жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін талап ететіндігіне байланысты жиынды онлайн режимінде өткізу туралы шешім қабылданды.

Әскери-патриоттық жиынға 15 адамнан тұратын 35 команда қатысады: олар «Жас ұлан» республикалық мектебінің, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің, облыстық әскери мектеп-интернаттарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-патриоттық клубтарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әскери-патриоттық клубтарының тәрбиеленушілері. Жиынға қатысушылардың жалпы саны – 525 адам.

Сондай-ақ, онлайн жиынға қатысушы командалардан басқа, жеке конкурстар мен жарыстарға «Айбын» мобильдік қосымшасында тіркелген және конкурс пен жарыстардың барлық шарттарын орындаған 14-18 жас аралығындағы кез-келген адам қатыса алады.

Конкурс және жарыстар барысын өткізу үшін әрбір интернет-пайдаланушы веб-сайт және «Айбын» мобильді қосымшасы арқылы байқай алады. Жиын өткізу үшін веб-сайт пен мобильді қосымшадан тұратын онлайн-платформа әзірленетін болады, онда жиын туралы жалпы ақпарат, тұжырымдама, ереже, жарыс регламенті, конкурстар, жиын өткізу бағдарламасы, оқыту және емтихан платформасы орналастырылатын болады.