Биылғы жылдың басынан бері кейбір азық-түлік тауарлары бағасының ауытқуына түсініктеме берген Ауыл шаруашылық вице-министрі Нұрбек Дайырбеков тауарлардың физикалық қолжетімділігі қамтамасыз етілетінін хабарлады. Алайда, оның айтуынша, бағаның ауытқуына және өсуіне өндірістің маусымдылығы, сақтау шығындары, делдалдардың көп саны, өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін қызметтер бағасының өсуі, сондай-ақ карантин жағдайында күрт өскен сұраныс сияқты факторлар әсер етеді.

«Мысалы, қазіргі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, қияр, қызанақ жинау жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бағаның маусымдық төмендеуі күтілуде», - деді Н.Дайырбеков.

Егіс алқаптары мен мал шаруашылығы өнімдері көлемінің өсуін ескере отырып, Үкімет ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін отандық инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде сауда және интеграция министрлігі іске асыратын көтерме-тарату орталықтары жүйесін салу жөнінде шаралар қабылдауда.

Анықтама: 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны 4,5% - ға (9 030,9 мың басқа дейін), ұсақ қара мал (қой мен ешкі) 2,0% - ға (25,0 млн.басқа дейін) өсті.

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,5 млн.га құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 238 мың га артық. Облыстардың жедел деректеріне сәйкес жем – шөп дақылдарының алқаптары 308,6 мың га, майлы дақылдар – 142 мың га, бақша дақылдары – 7,4 мың га, көкөніс дақылдары – 3,9 мың га, картоп-2,5 мың га ұлғайтылды.

«Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 1,9 млн.тонна болатын 1 249 қойма бар. Республика халқын маусымаралық кезеңде көкөністермен және жемістермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін жеңілдетілген несие беру қарастырылған және заманауи сақтау сыйымдылықтарын салу кезінде 25% өтеу түрінде инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылуда»,- деп түсіндірді Н.Дайырбеков.