Қазақстанда 13 қаңтардағы жағдай бойынша 164 477 науқастан COVID-19 және 46 499 пациенттен КВИ- анықталды. Науқастардың 87% сауығып шықты, оның ішінде 150 427 науқас КВИ+ және 34 118 науқас КВИ- шалдыққан.

Биыл 13 қаңтардағы жағдай бойынша 5 732 төсек-орында науқас бар. Реанимациялық төсек-орындарда - 357 адам. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай нашарлаған. Қазақстан тәуекелі төмен жасыл аймақтан орташа қауіпті сары аймаққа ауысты. Қостанай және Ақмола облыстары қызыл аймақта.

«Қазір тәуекелі орташа аймақта немесе сары аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары тұр. Сондай-ақ, соңғы айда Батыс Қазақстан облысы жасыл аймақтан сары аймаққа көшірілді. Қалған өңірлер жасыл аймақта. Соңғы айда сырқаттанушылықтың Атырау облысында айтарлықтай өсуі байқалады, онда сырқаттанушылық 3,7 есеге, Алматы облысында 1,8 есеге, Қарағанды облысында және Алматы қаласында 1,5 есеге, Маңғыстау облысында 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкент қаласында 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін өскені байқалады», -деді Е.Қиясов.

Оның айтуынша, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау қарастырылуда. Сонымен қатар, ауруды сырттан әкелу жағдайлары азаяр емес. 13 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізуге дейін артты.