2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда халық арасында тырысқақ, оба, іш сүзегі, паратиф, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, безгек аурулары тіркелген жоқ. Жалпы алғанда, инфекциялармен сырқаттанушылық бойынша төмендеу байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлім етті.

«Өткен жылмен салыстырғанда 52 инфекция бойынша сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады, оның ішінде қызылша ауруы 3,7 есеге, сальмонеллез 2 есеге, менингококк инфекциясы 1,8 есеге, созылмалы вирустық гепатиттер 42%-ға, туберкулез 22%-ға, жіті вирустық гепатиттер 9,3%-ға төмендеді», - деді М.Шоранов.

Оның айтуынша, карантиндік шараларға қарамастан елімізде Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес халықты инфекциялық ауруларға қарсы вакцинациялау жалғасуда.