«Мемлекет басшысы тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін нақты критерийлер қарастыруды тапсырды. Биылдан бастап бағдарлама бойынша әрбір отбасы мүшесінің табысын ескере отырып, тұрғын үйге қолжетімділіктің сатылы жүйесі қарастырылған», - деп мәлімдеді ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитетінің басшысы Мархабат Жайымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын әлеуметтік осал топқа жататындар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй - 32 700 теңге. Табысы екі АЕК-тен аспайтын көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасылар үшін жылдық 2%-бен жеңілдікті несиелер, табысы 3,1 АЕК-тен асатын кезекте тұрғандар үшін «5-10-20» бағдарламасы, «7-20-25» бағдарламасы және банктер мен тұрғын үй жинақтау жүйесінің өзге де нарықтық бағдарламалары. Елбасының және мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірінші кезекте көпбалалы отбасыларды сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етеміз», - деді спикер.

Бағдарламаларды іске асыру кезеңінде 30 мың отбасына тұрғын үй беру көзделген, оның ішінде биыл 4 835 отбасы қоныс тойын тойлайды.