1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда кезекші сыныптарда оқып жүрген оқушылар арасында коронавирус жұқтырған 36 бала тіркелді. Олармен байланыста болған 575 оқушы анықталды. Соның ішінде 10 баланың талдауы оң нәтиже берді, деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ғиният Ажар. Оның айтуынша, індет симптомсыз, жеңіл түрде өтуде, 5 бала санитарлық көмекке жүгінді. Дәрігерлер үш баланың жағдайы орташа деп бағалап отыр.

Сонымен қатар, қашықтан оқитын 73 балада коронавирус тіркелген. Олармен байланыста болған 242 адам анықталды. Оның ішінде 15 жағдай расталды.

«Олардың арасында жағдайы ауыр науқастар жоқ. Өңірлер бойынша айтар болсақ, Шығыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған - 13, Солтүстік Қазақстан облысында – 12, өзге өңірлерде 1-2 баладан тіркелді», - деді А.Ғиният журналистің сұрағына берген жауабында.

Спикердің атап өтуінше, мектептерде оқытуды жалғастыру-жалғастырмау бойынша шешім 1-тоқсан аяқталған соң эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.