Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада, Ірі аудан орталықтарында спорттық секциялар мен «балалар үйірмелері» ашылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында салалық министрліктің басшысы Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 127 703 спорт секциясы жұмыс істейді, оның ішінде ауылдық жерлерде 62 733. Сабақтармен 5 миллионнан астам адам қамтылды. Көшбасшы өңірлердің қатарында Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстары бар. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында спортқа қызығушылық танытатындар аздау. Осыған байланысты, спорт секцияларын ашу кезінде бірінші кезекте осы өңірлерге баса назар аударылатын болады», - деп хабарлады министр.

Сонымен қатар, республикада 477 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді, оның ішінде 142 (29,9%) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептері, онда 357 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер шұғылданады. Статистика бойынша, Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 17% құрады.

Өңірлік ведомстволар бұл көрсеткіштерді ұлғайту бойынша өз жоспарларын ұсынуда. Республикалық деңгейде Жол картасы бекітілді.

«Жол картасы шеңберінде ҚР «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Мәдениет туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, еңбек ұжымдарымен спорт секцияларының желісін кеңейту, балалар-жасөспірімдер клубтары мен дене шынықтыру даярлығы клубтарының жұмысын жандандыру, сондай-ақ «балалар үйірмелерін» ашу бойынша тұжырымдаманы, республикалық және өңірлік мәдениет ұйымдарының іс-шаралар жоспарын әзірлеу және бекіту бойынша шаралар көзделген. Жол картасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар 22 қазанға дейін қосымша спорт секцияларын ашу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынатын болады. Ал «балалар үйірмелерін» ашу жөніндегі республикалық және өңірлік мәдениет ұйымдарының іс-шаралар жоспары ағымдағы жылғы 15 қарашаға дейін бекітіледі», деді министр.

Айта кетейік, Дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында Мәжіліс депутаттары бұқаралық спортты дамыту үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша түзетулерді қарады. Құжаттар топтамасындағы өзгерістер балалар үйірмелеріндегі оқушыларды жан басына қаржыландыру әдістемесіне серпін береді. Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, жалпы, елімізде 3 212 қолданбалы шығармашылық үйірмесі, балаларға арналған әуесқой бірлестіктер мен клубтар жұмыс істейді.

«Бұл шара мәдениет ұйымдарына қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыруға, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, мәдениет пен өнер саласындағы бейімділіктер мен мүдделерді дамытуға құқық береді, балалармен және жасөспірімдермен жұмысты жандандыруға жол ашады, сондай-ақ объектілерді пайдалану тиімділігін арттырады», - деп түсіндірді министр.