Коронавирустық инфекция көбінесе онлайн режимде оқитын балаларда тіркеледі. Статистикаға сүйене отырып, осындай қорытынды жасалды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың мәліметінше, Алматыда 30 оқушыдан COVID-19 анықталды, оның 24-і үйден оқыған. Нұр-Сұлтанда 30 баланың екеуі ғана кезекші сыныптарға барған.

КВИ жұқтырғандар саны бойынша қауіпті сары аймақта болған Шығыс Қазақстан облысында көрсеткіштер бұдан жоғары. 110 оқушы медициналық бақылауға алынды, 74 оқушы жазылып шықты. Қалғандары үйде емделуде. Коронавирус аясында мультиқабыну синдромы бар бір бала ауруханада жатыр. ВАК қаулысымен ШҚО-ның барлық мектептері қашықтан оқыту түріне ауысты.

Жалпы, пандемия басталғалы бері өңірде КВИ жұқтырғандардың 97,6%-ы жазылып шықты. Облыстық денсаулық сақтау басшысының м.а. Райфа Сафиоллинова осындай мәліметтер келтіріп өтті. Сондай-ақ ол өткен тәуліктегі өлім-жітімнің жоғары болуын түсіндірді. Республика бойынша қайтыс болған 24 адамның 18-і ШҚО тұрғыны. Бұл негізінен 60 жастан асқан адамдар. Оннан астам науқас ауруханаға ауыр халде түсті. Дәрігерлер реанимациялық бөлімде оларға медициналық көмек көрсетуге тырысты, бірақ бұл еш нәтиже берген жоқ.