2019 жылдың соңында Қызылордадан бастау алып, Қарағанды, Ақмола облыстарының аумағы арқылы өтетін және елордаға дейін жететін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталды. Соның арқасында Солтүстік және Орталық аймақтардың тұрғындары көгілдір отынға қолжеткізеді. Бірақ қашан? Бұл елордадан бірнеше шақырым жерде орналасқан Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Талапкер ауылдарының тұрғындарын жыл сайын алаңдататын мәселе. Олар өз сұрақтарын Орталық коммуникациялар қызметіне жолдады.

«Нұр-Сұлтан қаласына келер болсақ, келесі жылы газдандырудың бірінші кезегін толық аяқтаймыз, әкімдіктер екінші және үшінші кезектердің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуде. Ақмола облысы бойынша бірінші кезеңде әкімдік Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекенін газдандыруға ЖСҚ пакетін дайындады. Қазіргі уақытта жоба іске қосылды, 2021-2022 жылдары бірінші кезек толығымен газдандырылады», - деп сендірді ЭМ Газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаев.

Қоянды кентінде де жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Әкімдік құрылыс мердігерін анықтау бойынша конкурс өткізеді. Басқа елді мекендер бойынша Ақмола облысын газдандырудың екінші кезегінің ЖСҚ келесі жылдың сәуір айында толық аяқталады деп күтілуде.

«Әкімдік жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді сәуір айында аяқтайды, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін қаржыландыру көздері мен шарттары анықталады. Сәл күте тұру керек, жобалық-сметалық құжаттама топтамасын толық алайық, содан кейін Ақмола облысының аталған аудандарын кезең-кезеңмен газдандыру бойынша нақты кестелерге қол қоюға болады», - деді спикер елорда маңында орналасқан ауылдардың тұрғындарын шыдамдылық танытуға шақыра отырып. Сондай-ақ ол жеке үй, коммерциялық немесе коммуналдық-тұрмыстық нысан болсын, газдың мемлекеттік бюджет, ұлттық оператор және жалпы өзге де инвесторлар есебінен тұтынушы алатын жерге дейін тартылатынын атап өтті.