Бүгінгі күні қалада 10 ірі көтерме дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдық жеткізіп беруші мекеме жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

«Тіркелген 730 дәріхананың 560-ы жұмыс істейді. Бүгінгі күні қалада бір айлық дәрі-дәрмек қоры бар, оның ішінде дене қызуын төмендететін 115 843 препарат, 136 352 вирусқа қарсы препарат, 133 040 антибиотик, 44 253 қорап «С» дәрумені бар», деді ол.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аудандық басқармалармен бірлесіп, 4 мониторингтік топ құрды. Мониторинг барысында дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірген жағдайда, әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді. Сондай-ақ, дәріханалардада жоқ дәрілердің орнына баламаларын ұсыну да ескертілді.

Бұдан басқа, Шымкент қаласының Полиция департаменті Әлімқұлов көшесінен заңсыз дәрі-дәрмек және медициналық құралдарды сақтау жағдайын анықтаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.