Жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде тест тегін тапсырылады. Ал егер адам шағын ауылда тұратын болса, онда тест нәтижесін бір аптадан артық уақыт күтуге тура келеді. Сонымен қатар, тест тапсырғаннан кейін бесінші күні ол жарамсыз болып қалады. Ал оны қайта тапсыру ақылы. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында көпшіліктің көкейіндегі мәселе көтерілді. Ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылатынын жеткізді.

«Бүкіл ел бойынша құрылған мобильді топтар «тәулік/екі күн» режимінде аудан орталықтарынан облыстықтарға қатынайды және алынған талдауларды тасымалдайды, нәтижелерді де, ең көп дегенде екі тәулік ішінде пациенттерге жеткізеді. Егер бұл уақыт режимі бұзылған жағдайларды білсеңіз, немесе бұл жағдайлар орын алған жерлерді білсеңіз, ПТР тестінің нәтижелерін 2-3 күннен артық күтсе, бізге хабарлаңыз. Денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелеріне қатысты шаралар қабылдайтын болады», - деп сендірді Б.Қожахметов.