Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Transparency Kazakhstan атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған «2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі» зерттеуінің нәтижелерімен таныстырды.

Transparency Kazakhstan сарапшылары қалалардың, облыс және аудан орталықтарының деңгейінде 9 000 респондентке сауалнама жүргізіп, «Ашық диалог» порталына келіп түскен 1 347 шағымды талдады.

«Зерттеуге 200-ге жуық далалық әлеуметтанушылар мен 12 талдаушы қатысты, олар осы күзде республикалық маңызы бар 3 қалада, 14 облыс және 143 аудан орталықтарында сауалнама жүргізді. Әдістеме Transparency International-дің екі жаһандық зерттеуіне – тұрғындардың сыбайлас жемқорлық тәжірибесін өлшейтін әлемдік сыбайлас жемқорлық барометрі мен қоғамдық дискурстағы сыбайлас жемқорлық тақырыбының өзектілігін бағалайтын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне негізделген», - деп атап өтті О.Шиян.