Осыған орай облыста 2 айлық дәрі-дәрмек қоры құрылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында хабарлады.

«Облыстағы 557 дәріхананың 238-імен меморандум жасалды. Коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда дәрі-дәрмек қордан белгіленген бағамен босатылатын болады. Төсек-орындар артығымен әзірленді. Медициналық ұйымдар дәрілік заттармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, оттегімен қамтамасыз ету аппараттарының саны 337-ге жетті, оттегі станциялары екі есеге көбейді. 40 рентген аппараты, концентраторлар, пульсоксиметрлер, ПТР зертханалар бар», - деді Ө.Шөкеев.

Оның атап өтуінше, қазір облыста 10 ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр. Күніне 2 мыңға жуық тест жасалады. Сондай-ақ ДСМ көмегімен жылжымалы кешендер сатып алынды. Жедел жәрдем машиналары 100 пайыз жаңартылады.