Қауіпсіздік мақсатында тауға баруға тыйым салынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Бағдат Қожахметовтың айтуынша, белгілі бір орындарды жабу немесе оған баруды шектеу туралы шешімді Бас санитарлық дәрігер қабылдайды.

«Бұл біздің санитарлық қызметіміздің тәжірибесі мен практикасының нәтижесінде жасалады. Өкінішке орай, егер Алматыдағы тауларға, не болмаса, мысалы, Қазақстанның кез келген елді мекеніндегі табиғи ресурстарға баруға рұқсат етілсе, адамдар жаппай бұзушылыққа жол береді, алкогольді ішімдіктер ішеді. Бұл коронавирус инфекциясының таралуына қосымша қауіп төндіреді. Сондықтан түрлі өңірлердегі санитарлық дәрігерлер қоғамдағы жағдай мен тәртіпке байланысты шектеу шараларын қабылдауға мәжбүр. Атап айтқанда, Алматыда санитарлық дәрігер осындай шешім қабылдады, біз онымен келісуіміз керек. Себебі қауіпсіздік – өте маңызды», - деді Б. Қожахметов.