Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирустық инфекция бойынша астанадағы жағдайды баяндады.

Спикер өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТЖ енгізу туралы Жарлығы азаматтардың тәртіпті сақтап, инфекциядан қорғануға септігін тигізгенін, Президенттің дер кезінде қабылдаған шаралары азаматтардың оқшаулануына жағдай жасап, нәтижесінде жаппай адам шығынына жол берілмегендігін атап өтті.

Бүгінде елордада коронавирус жұқтырған 1686 науқас тіркелген. 835 пациент (51,2%) емделіп шығып, Өкінішке қарай, 5 адам коронавирус індетінен қайтыс болған.

Қазіргі күнделікті өсім статистикасы 2-4% аралығын көрсетуде. Науқас азаматтардың 40%-і –30 жасқа дейінгі жастар, 35%-і – 30 бен 50 жас аралағындағы азаматтар.

«Байқасаңыздар, «инфекцияның бұл түрі денсаулығы нашар немесе жасы үлкен азаматтарға ғана жұғады», - деген пікір расталмады. Керісінше, көпшілік орында жүретін, жұмыс істейтін, топталып демалуға бейім жастардың ауырып жатқанын көруге болады. Бұл – коронавирус инфекциясының жас талғамайтындығына тағы бір дәлел. Сондықтан санитарлық нормалар мен қорғаныс шараларын әрқайсымыз өз деңгейімізде сақтап жүруіміз қажет»,- деді әкім.

Қазір күн сайын 3 мыңнан аса тестілеу өткізіледі. Жалпы карантин басталғалы бері 118 мыңнан астам тест жүргізілді. Егер карантинге дейін 1 ғана лаборатория жұмыс істеген болса, қазір 5 лаборатория жұмыс істеп келеді. Тағы 3-еуін ашуды жоспарлап отырмыз.

Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды:

Мысалы бұрын бәрі бір жерден ем қабылдап келсе, қазір қауіпсіздік үшін науқастарды араластырмай жеке-жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Пневмониямен ауыратын науқастарға Орталық магистральді аурухананың негізінде 150 орындық провизорлық бөлімше ұйымдастырылды. Сонымен қатар 13 мамырға дейін ОРВИ белгілері бар науқастарға арналған №2 қалалық емхана базасында 150 пациентке арналған бақылау клиникасы жұмыс істеді. Осының нәтижесінде 144 пациенттен КВИ белгілерін ерте кезеңде анықтап, медициналық қызметкерлердің арасында індет таралмады.

Медициналық қызметкерлердің өзімен қатар отбасы мүшелерін де сақтандыру мақсатында оларға қажетті жағдайлар жасалды. Қаланың жоғары деңгейлі қонақ үйлерден 700-ге бөлме беріліп, орталықтандырылған тасымалдау мен тамақтандыру қарастырылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, дәрігерлерге өткен екі айда 1,5 млрд теңгеден астам үстемақы берілді.

Қысқа мерзімде салынып біткен 200 орындық инфекциялық модульді госпиталь жұмыс істеп тұр. Қазірдің өзінде ол жерден 150-ден астам адам емделіп шықты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес:

1) Уақытша жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлемдер алғашында 270 мың адамға, кейінірек тағы 130 мың адамға берілді. Оған жалпы сомасы 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді;

2) Елбасының Үндеуінен кейін BizBirgemiz акциясы аясында 43 мың адам 50 мың теңгеден алды (2,1 млрд теңгеден астам)

3) 34 мың отбасыға азық-түлік берілді (830 млн теңге) алды, 2 млн медициналық маска тегін таратылды.

4) Мемлекеттік әлеуметтік көмек 4,5 мың балаға беріледі (320 млн теңге).

5) Атаулы әлеуметтік өмек 3,5 мыңға жуық отбасыға төленді (2 млрд теңгеден астам). 25 млрд-тан астам қаржы.