Егер алғашқы апталарда, айларда медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясымен күресте шетелдік мамандардың тәжірибесі мен кеңестеріне көп жүгінсе, соңғы уақытта Қазақстан науқастарды емдеу мен бақылаудың өзіндік тәжірибесін жинады. Бұл туралы брифинг барысында жоғары санаттағы пульмонолог, «Астана медицина университеті» ҰАК жанұялық медицина кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Наталья Латыпова мәлімдеді.

Маманның айтуынша, Қазақстанда COVID-19 індетінің симптомсыз және жеңіл түрлері басым. Өлім-жітім көрсеткіштері бойынша қауіп тобына жататын жағдайы ауыр науқастарға баса назар аударылады.

«Жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, артериялық гипертензия, бүйрек аурулары, семіздік және т.б. патологиясы бар 65 жастан асқан адамдар тәуекел тобына жатады. Бақытымызға орай, бұл пациенттердің аз ғана пайызы», - деді маман-пульмонолог.