ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мемлекеттік басқарудағы реформа туралы айтып берді. Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылы мемлекеттік қызметшілер саны 25 пайызға қысқартылады. Биыл жыл соңына дейін қысқарту көрсеткіші 10%-ды құрайтын болады.

Агенттіктің мәліметінше, мемлекеттік қызметшілердің жалпы штатының саны шамамен 97 мың адамды құрайды, бұл экономикалық белсенді халықтың 1,1%. Дамыған елдердегідей. Ал штаттың қысқаруы қалған қызметкерлерге жүктеменің артуына, жұмыс сапасының төмендеуіне және еңбек ресурстарының тиімсіз бөлінуіне әкеп соқтырмауы үшін агенттік екі нәрсеге назар аударуды ұсынады.

«Біріншіден, оңтайландыруға жататын қызметтерді айқындау кезінде, ең алдымен, тұрақты бос қызметтер қаралатын болады. Бүгінде бос жұмыс орындарының жалпы саны шамамен 8 мың бірлікті немесе мемлекеттік аппараттың жалпы санының 8,5% құрайды. Бұдан басқа, жыл сайын жұмыскерлердің зейнеткерлікке шығуы есебінен 1 мыңнан астам бірлік босатылады, сондай-ақ 6 мыңға жуық қызметші жеке секторға және өзге де ұйымдарға ауысады. Осы резервті пайдалану мемлекеттік қызметшілердің нақты қысқаруын барынша азайтуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Осылайша, бұл мемлекеттік қызметшілерді механикалық қысқарту ғана емес, ең алдымен олардың тиімділігін арттыру мақсатында оңтайландыру болады», - деп атап өтті Жайылғанова.

Оңтайландырудың нәтижесінде жұмыстың қайталануы болмайды, артық басшылар алынып тасталады, басым емес міндеттер бәсекелестік ортаға беріледі, ал бизнес-процестер барынша автоматтандырылады.

«Екінші. Қызметшілердің әлеуметтік осал санаттарын қорғауды, сондай-ақ қысқартуға жататын адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету қажет. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес жүкті әйелдер қысқартуға жатпайды; 3 жасқа дейінгі балалары бар аналар; жалғызбасты аналар; балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдар; сондай-ақ зейнеткерлікке шығуға 2 жылдан аз қалған қызметшілер. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің жоғарыда аталған құқықтарының сақталуын бақылау жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет туралы заңда мемлекеттік қызмет өтілі кемінде 3 жыл болған жағдайда жұмыстан шығу жәрдемақысын төлеу қарастырылған», - деді Агенттік басшысы төрт орташа айлық еңбекақы туралы айта отырып.

Агенттікте бұл норма мемлекеттік аппараттың сабақтастығын қалыптастыру үшін ынталандыру болып саналады. Сондай-ақ, басшыларға әлеуметтік осал топтарға жататын мемлекеттік қызметшілерге, әсіресе отбасындағы жалғыз асыраушыларға тимеуге және қысқартылған әріптестеріне жұмыс табуға көмектесуге кеңес беріледі.