Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында жергілікті және республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мәлім етті. Оның айтуынша, жоба 10 ауданда, 11 елді мекенде жүзеге асырылуда.

«Нәтижесінде, пайдаланылмай жатқан жерлерді, үйдің жанындағы жерлерді пайдалану жағдайлары артты, мал басы көбейді. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен нәтижесіз қамтитындар саны азайды. Бұл туралы Үкіметке баяндадық. Жыл соңында жоба қорытынды бойынша Үкіметте арнайы мәжіліс болады. Сонда жобаны одан әрі жалғастыру бойынша шешім қабылданады. Үкімет басшысының тапсырмасы бар. Қазіргі кезде министрліктермен жұмыс істеп жатырмыз», - деді облыс әкімі журналистің сұрағына берген жауабында.

Оның айтуынша, пилоттық жобаны өңірдегі 20 елді мекенде жүзеге асыру үшін 11 млрд. қаржы қажет. Бұл ұсыныс үкіметке жолданды. Жалпы жобаны іске асырудың нәтижесінде жергілікті халықтың табысы екі есе артқан.