Мемлекет басшысының тапсырмасымен сақтық шараларын күшейте отырып, вирустың кең таралуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Індетті жұқтырғандар саны арттпай, жағдайы барынша бақылауға алынды.

«Облыс көлемінде арнайы мониторинг топтары құрылып, тамыз айынан бері 800-ге жуық рейдтік шара ұйымдастырылды. Осындай қатаң карантиндік шаралардың арқасында өңірдегі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында соңғы үлгідегі 200 төсек орынмен жабдықталған модульдік стационар ашылды. Қосымша 11 инфекциялық стационар толығымен жабдықталып, резервте дайын тұр. Онда 2352 инфекциялық және 131 реанимациялық төсек-орны бар», - деді өңір басшысы.

Бүгінде медициналық ұйымдар 260 ИВЛ аппараттарымен және 638 оттегі концентраторларымен толықтай қамтылды. Ең бастысы облыстағы жедел-жәрдем авто паркі 100% жаңартылыып, 85 санитарлық көлікпен толықты.