Жинақтаушы қордағы қаражатты үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін қаражат қайда аударылады? Үй иесінің өзіне тікелей аударылмайтын болса, құрылыс дүкендеріне ме немесе жөндеу жұмыстарымен айналысатын компанияға ма? Орталық коммуникациялар қызметінде Зейнетақы жинақтарын пайдалану жөнінде өткен брифингте журналистер осындай сұрақ қойды. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, жинақтаушы қор қаражаты арнайы жөндеу жұмыстарына ғана берілмейді.

«Бір банктік займ аясында пәтерді сатып алу және жөндеу жұмыстарын қосып алуға болады. Ақша ешқайда аударылмайды. Тұрғын үй сомасы сатушыға немесе компанияға аударылады, ал жөндеуге алынған ақша ағымдағы есепшотта қалады. Оны сатып алушы өз күшімен құрылыс материалдарын сатып алуға, жөндеу, құрылыс жүргізіп жатқан кісілермен есеп айырысу үшін пайдаланады», - деді спикер.

Айта кетейік, алты айдан кейін жинақтаушы қордағы қаражаттың мақсатты жұмсалғанын Банкке растау қажет. Бұл ретте тұрғын үйдің әрленбеген түріндегі және жөндеуден кейінгі суреттерін ұсыну қажет. Жансұлтан Матай бұл қаржыны құрылыс компаниясына аударудың қажеті жоқ екенін атап өтті.