Зардап шеккен фермерлерге Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілді. Мәселен, қажетті субсидиялар бөлініп, шаруалардың берешектерін жабу үшін Үкіметтің резервінен қосымша 16,1 млрд теңге жұмсалды. Сондай-ақ кредиттік міндеттеме мерзімін ұзарту, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолайлы сатып алу бағаларын белгілеу сияқты шаралар қолданылып жатыр. Аталған  шаралар келесі жылдың көктемгі егісіне сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. 

Өткен 10 айда Ақмола өңірінде шығарылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі  664 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында ет өндіру 168 мың тоннаға дейін артты. 350 мың  тонна сүт, 608 млн данадан астам тауық жұмыртқасы өндірілді. 

«Өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Мал басын  арттыру арқылы 46 ет  және 5 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Осы жылы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталды. 15 млрд қолжетімді несиеге жеті арнайы тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарда бар», – деді Марат Ахметжанов.   

Қазір облыста ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін 73 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұнда құны 184 млрд теңгеге жеткен тамақ өнімдері өндірілді. Сонымен қатар 2026 жылға дейін 290 млрд. теңгеге 71 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.  

«Жалпы, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу әлеуеті жеткілікті. Осылайша, біз өзіміздің және Астананың да қажеттілігін жабамыз.130 кәсіпорнымыз елорданың 44 ірі сауда орталығына таза және экологиялық  өнімдерін жеткізеді. Бұл – шамамен 38 мың тонна  сүт өнімдері, 25 мың тонна ет өнімдері, 210 млн дана жұмыртқа. Біз бұл жұмысты одан әлі де жалғастырамыз», – деп мәлім етті өңір басшысы. 

Қазір өңірде ауыл тұрғындарына арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Өз ісін дамытуға қолжетімді және пайдалы кредит алу жақсы мүмкіндік береді.  Жобаға 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл – 215  жаңа жұмыс орны және 198 бизнес - жобасы. Келер жылы да осы бастама жалғасын табады.