Былтыр 30 тамызда Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп әзірленген заң жобасы қабылданды, онда электросамокат ұғымы, жүріп-тұру қағидалары, сондай-ақ олардың жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері бекітілген. Бұл шаралар олардың жүрісін реттеуге мүмкіндік берді, ал полицияда оларға әсер етудің нақты тетіктері пайда болды.

«Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айында электросамокаттың қатысуымен 78 жол апаты тіркелді, 2 адам қаза тапты, 76 адам жарақат алды. Электросамокат жүргізушілерімен 12 мыңнан астам жол ережелерін бұзушылық анықталған. Сонымен қатар бұл мәселені тек полицияның әдістерімен шешу мүмкін емес. Бізде самокаттар үшін қауіпсіз жол инфрақұрылымы жоқ немесе ол енді ғана құрыла бастағанын атап өткім келеді», – деді спикер. 

Полиция деректері бойынша елімізде веложолақтар мен веложолдардың ұзындығы 586 шақырымды ғана құрайды немесе Қазақстандағы жолдардың 0,26%, бұл ретте басым көпшілігі Астана, Алматы және Ақмола облысының Бурабай кентіне келіп отыр. Бүкіл ел бойынша веложолдардың жылдық өсімі небәрі 123 шақырымды ғана құрады.

Әкімдіктер тарапынан инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қажет: бөлінген жолақтарды жайластыру; жеке веложолдар салу; қалаларды электросамокаттарды пайдалануға тыйым салынған аймақтарға бөлу.

«Тағы бір мәселе – мопедтер, мокиктер және скутерлер. Бүгінгі таңда олардың есебі жүргізілмейді, бұзушылықтар үшін жауапкершілік мардымсыз. Ағымдағы жылдың 6 айында мопедтердің қатысуымен 542 жол апаты тіркелді, 27 адам қаза тапқан, 577 адам жарақат алды. Ағымдағы жылы мопед жүргізушілерінің қатысуымен 31 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Оларды міндетті мемлекеттік тіркеуге алуды және А1 санатындағы жүргізуші куәлігін беруді енгізу ұсынылды. Мокиктер мен скутерлер жүрісін заңнамалық реттеу және оларды тіркеу жөніндегі ұсыныстар Парламент Сенатында қаралуда», – деді Қ.Сұлтанбаев.

Электромобильдер жөніндегі заңмен электромобильдерге арналған орындарда тоқтау немесе тұру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Одан бөлек, электромобиль жүргізушілеріне коммуналдық ақылы автотұрақтарда тегін тұру үшін жеңілдік көзделген. 

Әкімшілік полиция комитетінің басшысы балалардың қатысуымен болатын жол апаттары мәселесіне де тоқталды. Оның хабарлауынша, еліміздегі әрбір төртінші жол апаты балалардың қатысуымен болады. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 2 700 жол апаты тіркелген, онда 126 бала қаза тауып, 3 мыңнан астам жеткіншек жарақат алды.

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 30 тамызы мен 5 қыркүйегі аралығында республика көлемінде «Абайлаңыз-балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасын өткіземіз. Іс-шара барысында мектептер маңындағы жолдар мен аумақтарды зерттеу және профилактикалық сабақтар мен дәрістер өткізу жоспарланған», – деді спикер.