Баршаңызға мәлім, мен осыдан бірнеше күн бұрын халыққа Жолдауымды жарияладым. Елімізді түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ауқымды реформалар ұсындым. Саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертуге бағытталған.
Шын мәнінде, Жаңа Қазақстанды құру дегеніміз тек мемлекеттік аппаратты жаңғырту емес. Бүкіл қоғам, әрбір адам өзгеруі керек. Әр азамат еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет. Бүгінгі алмағайып заманда береке-бірлік пен тұрақтылықты сақтай білу өте маңызды. Осыны әрқайсымыз терең түсінуге тиіспіз. Сонда ғана болашағымыз баянды болады.
Қазір біздің алдымызда зор міндеттер және ауқымды жұмыстар тұр. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша атсалысады деп сенемін.