Астанада көмек шақыруға арналған 101, 102, 103 нөмірлері бір нөмірге біріктірілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімдігіне қарасты iKomek қалалық орталығының әкімшілік-қаржылық департамент директоры Ақан Нұрғожин мәлімдеді.
«Адам өміріне қауіпті жағдайлар бойынша 101, 102, 103 және 112 нөмірі бар. Осы барлық нөмірлерді алдағы уақытта Астана және барлық елді мекендерді 112 нөміріне біріктіру жоспарланып отыр. Мерзім бойынша осы жылдың екінші тоқсанында бұл жұмыс іске асырылады деп күтіліп отыр. Әртүрлі апатты жағдайда да осы қызметтердің бәрі үйлестіріліп, барлық қызмет бір нөмір арқылы көрсетілетін болады», - деді Ақан Нұрғожин.
Айтуынша, Астаналықтар байланыс орталығының тиімділігіне көз жеткізіп, осы қызметті белсенді түрде пайдаланады. Сондай-ақ, елорданың тыныс-тіршілігінің барлық мәселелері бойынша өз өтініштерін, ұсыныстары мен шағымдарын тәулік бойы жолдап отырады.
Айта кетсек, iKomek орталығы 2018 жылдың қаңтар айында құрылып, барлық коммуналдық қызметтердің және қалалық басқармалардың, атап айтқанда 4 аудандық әкімдіктің, 17 қалалық әкімдік басқармаларының, 33 коммуналдық және апаттық қызметтерінің, 81 лифт шаруашылықтарының нөмірлері 1-0-9 нөміріне біріктірілген болатын.