«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтуы тиіс, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

Байқау 10 балдық жүйемен белгіленеді. Сондай – ақ, 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жырдан сайыс. Екі адам шығып сайысады. Екінші кезең – жер су аттары бойынша. Сол кездегі оқиғалар болған жерлер туралы сұрақтар болады. Үшіншісі – көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу. Бұлар аудандық деңгей. Ал облыстық деңгейде әр ауданнан 3 адам қатысады. Бұл жерде де аудандықта қойылған сұрақтар қойылады. Жырды толық жаттағанына еренкше назар аударылады. Облыстықтың екінші кезеңінде 6-10 сыныптың аралығындағы оқу бағдарламасында бар сұрақтар әзірленеді», - деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Бас директоры Бақытжан Тұрлыбеков.

Байқау сұрақтарын Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл институтымен және Алматыда орналасқан Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп әзірленеді.

«Қазылар алқасын жергілікті атқарушы органдармен және Білім министрлігімен бірлесе отырып, «Qazaq Epos» қоғамдық қорыны жасақтайды, - деп атап өтті «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Бас директоры .

Айта кетсек, аудандық кезеңде 1-ші орын үшін 150 000 теңге, 2-ші орын 100 000 теңге, 3-ші орын 50 000 теңге.Облыстық кезеңде 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де ақшалай жүлде қоры ескерілген.

Сонымен қатар, «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының нәтижесінде қол жеткізілген көрсеткішті тарихи белгілеу үшін Гинес рекордтар кітабына өтінім беру жоспарлануда.