Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес аясында жасотандықтардың мемлекеттік органдармен бірлесіп, әр үй мен отбасын аралап шығу арқылы әлеуметтік көмек сұрамай келген азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Осындай нақты шаралар кейбір мәселенің алдын алуға мүмкіндік береді. Психологтар мен әлеуметтік қорғау органдары мамандарының көмегімен қолдауға зәру отбасыларды анықтап қана қоймай, оларға дер кезінде көмек көрсетеміз деп үміттенеміз. Мұндай игі істер әлеуметтік келеңсіздіктерді еңсерумен бірге түрлі қиындыққа тап болған балалардың теріс жолға түсіп кетпеуіне де өз септігін тигізері сөзсіз», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Бұл істе еліміздегі барлық елдімекен қамтылмақ. Сол арқылы мұқтаж отбасыларды, соның ішінде бұрын-соңды мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек сұрамай, назардан тыс қалып келген азаматтарды анықтауға жол ашылады. Алдағы уақытта ондай отбасылардың балаларын жасотандықтар өз қамқорлықтарына алып, қолдау көрсетеді.

Сол себепті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қоғамдық бірлестіктерді, еріктілерді және кәсіпкерлерді халықтың әлеуметтік ахуалына бейжай қарамай, Кеңес жұмысына атсалысып, елдік мүдде жолында күш біріктіруге шақырды.

Айта кетсек, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес Елбасы тапсырмасымен 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Аталған Кеңес арқылы «Нұр Отан» көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырып, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау ісін қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа консультативтік-кеңесші органның құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері мүше болды.