Оның хабарлауынша, көлемі 650 млн текше метрді құрайтын жұмыс істеп тұрған 2 су қоймасында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Одан бөлек көлемі 166 млн текше метрге тең тағы екі су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 

«2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метрді құрайтын 13 су қоймасының құрылысы жоспарлануда, оның үшеуі ірі болса, қалған 10-ы –шағын. Осы жылы көлемі 1,4 млн текше метрді құрайтын  3 су қоймасының құрылысы жүргізілуде», – деді Ербол Қарашөкеев. 

Гидрологиялық бекетте де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде Талас өзенінің бассейнін мемлекеттер арасында бөлу мүмкін болады. Халықаралық институттар да су нысандарын қалпына келтіруге үлес қоспақ. Мәселен, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі 2027 – жылға дейін 361 объектіні қайта жаңғыртуға қаржы бөледі деп көзделген. 

Өңірдегі 6 ауданда каналдарды қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы суармалы алаң жоспарланған 69 мың гектардың шамамен 34 мың гектарын құрайды. Су көлемін ұлғайту үшін 103 ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде, 3 жылда вегетациялық кезеңде суармалы трансшекаралық су көздеріне тәуелділікті қазіргі 85%-дан 50%-ға дейін төмендету жоспарда бар.