Жайық өзеніне судың келуіне байланысты Атырау облысы бақылауда. Су деңгейінің көтерілуі байқалады, мониторинг жалғасуда. Жайық өзені бойында су тасқыны жағдайын болдырмау мақсатында Атырау қаласында, Индер, Махамбет, Құрманғазы, Исатай аудандарындағы ауылдық округтерде бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны жағдайының мониторингі дронның көмегімен жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ брифингінде хабарлады.

«Атырау облысына берілген күштер мен құралдар су тасқынына қарсы жұмыстарды жалғастыруда. Бұған дейін броннан шығарылған жылжымалы сорғы станцияларын қолдану арқылы су басқан аумақтардан су сору жұмыстары жүргізілуде. Республика бойынша авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 21 мыңнан астам адам, 2 мың техника, 357 су сору құралы, 260 жүзу құралы, 9 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спикер.