Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген тасқын суы еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр. Орал қаласында Жайық өзенінің деңгейі - 855 см. Өңірде су тасқыны жалғасуда. «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқаруда. Орал-Көшім суару жүйесінің 4 су қоймасына су жиналып жатыр. Қазір су қоймаларында 226 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 87%-ы. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ОКҚ алаңында баяндады.

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалы Ресейден келген 30 млн текше метр тасқын суын облыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберді. 

«Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде «Альва» және «Кеңбидайық» лиманды суару жүйелері 100%-ға толды. Қозыкөш, Мұқыр және Қарасу өзендерінің арналары суға толды. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, Есіл өзеніндегі су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда», – деді спикер.

Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші - 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші - 82%. Абай облысында Шүлбі су қоймасы 50%-ға толды. 10 - сәуірден бастап Ертіс өзенінің су қоймалары каскадынан табиғат қорғау іс-шараларына су жіберіледі. Бұл Павлодар облысын ауылшаруашылығына қажет жем-шөп қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Трансшекаралық Іле өзеннен Алматы облысының Қапшағай су қоймасына Балқаш көліне шамамен 2,3 млрд текше метр су жіберілді. Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасынан Шу өзеніне су жіберілді. Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92% құрайды. Алғаш рет Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасынан жіберілген су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдеріне түсті. Қызылорда облысының Телікөл көлдер жүйесінің қарқынды су жинағаны байқалады, бұл өңірдің ауыл шаруашылығына қолайлы әсер етуі тиіс.