Табиғи өрттерді тиімді алдын алу және оларды жою азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне баса назар аударылатын негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Биылғы өрт қауіпті кезең басынан бері 33 орман өрті тіркелді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе аз. Сондай-ақ жалпы ауданы 353 га болатын 148 дала жануы тіркелді, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 есеге төмен. Бұл туралы ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев ОКҚ брифингінде хабарлады.
Өңтүстік өңірлердегі өрт қауіпті кезең ағымдағы жылғы 20 наурыздан, ал солтүстік, батыс, шығыс және орталық бөліктерде ағымдағы жылғы 8 сәуірден басталды. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпті кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өрт қауіпсіздігі күшейтуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауда.
«Әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар көзделген, жалпы ел бойынша 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайын. Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Өткен жылы су төгетін құрылғылары бар ТЖМ борты 14 табиғи өртті сөндіруге қатысты, жалпы массасы 5 700 тонна су болатын 1 900-дан астам цикл орындалды. Қазіргі таңда аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Сондай-ақ, «Орман қорын күзету және қорғау қызметі» жаңа республикалық азаматтық қорғау қызметі құрылды», – деді спикер.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі және дала аумағындағы өрттерді жою үшін ерікті өртке қарсы құралымдары тартылады. Ел аумағында барлығы 241 ерікті өртке қарсы құралымдары құрылды. 2289 команда бар. Бұдан бөлек, әкімдіктер мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерді қорғау үшін өрт сөндіру бекеттерін құрады. Бүгінгі таңда республикада 720 өрт сөндіру бекеті құрылды. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен шарттар жасалды.