Халықаралық шара – «Астана клубы» жобасы аясында жүзеге асады.

Елордаға халықаралық қатынастар саласындағы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, сарапшылар мен дипломаттардың басын қосқан халықаралық пікірталас алаңы осымен бесінші мәрте өткізіледі.

Жиынның жоспары туралы ұйымдастырушылар бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында бөлісті.

Шара ұйымдастырушылары - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры мен Қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты. «Астана Клубының» миссиясы - Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтары тұрғысынан жаһандық күн тәртібін қалыптастыру үшін Еуразияның жетекші сарапшылары, саяси көшбасшылары мен дипломаттарының басын біріктіру.

«Астана Клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережесіне сай ұйымдастырылады. Яғни талқы жабық сипатта өткізіледі және әлем мен Еуразияның ең өзекті әрі көкейкесті мәселелері ашық көтеріледі. Бесжылдық қызмет барысында Астана клубы дүниежүзінің 40 елінің 200-ден астам сарапшыларының бас қосқан беделді халықаралық пікірталас алаңына айналды", - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.

Халықаралық деңгейдегі жоғары талқыға 30 елдің сарапшылары қатысады. «Астана Клубы 2019» басты тақырыбы – «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында». Сондай-ақ, ядролық қарусыздану мәселесі мен Еуразия елдері үшін серіктестіктің жаңа форматын құру болашағын талқылайтын болады.