АҚШ-тың Аризона штаты екі ел арасындағы экономикалық байланысты күшейту және нығайту мақсатында инвестициялық-сауда миссиясын құру бастамасын көтеріп отыр, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Арнайы өкілдік штаттан Қазақстанға аударылатын инвестицияның көлемін ұлғайту, технологияларды трансферттеу, өзара-сауда-саттықты еселеу тұрғысында барлық қажетті шараларды қабылдамақ»,- деді CSI Group аға серіктесі Олжас Хұдайбергенов.

Ал аталған өкілдіктің Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрақты кеңсесі CSI Capital әріптес-компаниясының кеңсесінде орналасады.

Айта кетсек, 1990 жылдары Қазақстан АҚШ-тың Аризона штатының ең ірі сауда серіктесі болған. Алайда, кейінірек екі ел арасындағы сауда-саттық жөніндегі байланыс қысқарып, бүгінгі күні деңгейі төмендеді.

«Аризона инвесторлары еліміздегі барлық салаға қызығушылық танытуда, әсіресе кен-руда өнеркәсібі, аэроғарыш байланысы, ауыл шаруашылығы және білім беру саласына айрықша мүдделілік білдіруде», - деп атап өтті Олжас Хұдайбергенов.

Айтуынша, аталған салалар бойынша, соның ішінде ауыл шаруашылығында үздік технологияларды қолдану мүмкіндіктері зор, себебі Аризонаның климаттық жағдайы Қазақстанға ұқсас болғандықтан құрғақшылық, суармалы судың жетіспеушілігі, т.б. жағдайларда ауыл шаруашылығын дамытуға мәжбүр.

Сонымен қатар, білім беру және зерттеу жүргізу жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктеріне қатысты ұсыныстар да бар.