Бүгін ҚР Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Маулен Әшімбаевтың қатысуымен "Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: сарапшылар пікірі" тақырыбында дөңгелек үстел өтуде.

Елімізде этносаралық қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау, мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта көптеген жұмыстар жасалып жатқанын атап өткен Маулен Әшімбаев, «дегенмен, Қордай ауданындағы жағдай, осы салада қордаланған мәселелер бар екенін көрсетіп берді. ҚР Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық мемлекеттік органдар оқиға қайталанбас үшін жұмыс істеп жатыр», - деді.

Дөңгелек үстелге жиналған сарапшы мамандар елімізде этно саяси сараптамалар жасалып, мемлекет саясатының қай жерінде кемшіліктер мен олқылықтар барына назар аударуы тиіс. Мұндай сараптамалар этно саясатты жүргізуге көмектеспек. Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты да осы.

Дөңгелек үстелде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, қоғам қайраткері және ҰҚСК мүшесі Сарым Айдос, "Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық бюро" ҚБ директоры Евгений Жовтис, кинорежиссер Ермек Тұрсынов және басқалар сөз сөйлемек.

Шараның ұйымдастырушылары ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.