«Бірыңғай терезе» порталы тауарлар экспорты мен импорты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу мерзімін 30 күннен 5 күнге дейін қысқартты

Қаржы министрлігі тауарлар экспорты мен импорты бойынша барлық операцияларға қолжетімділіктің бірыңғай нүктесін ашты. «Бірыңғай терезе» порталы қызмет алу мерзімін 30 күннен 5 күнге дейін қысқартты. Бұл туралы ОКҚ-да халықпен есепті кездесу барысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан ЖАМАУБАЕВ мәлімдеді.

«Бірыңғай терезе» электрондық түрде барлық қажетті рұқсат беру құжаттарын (18 лицензия, 6 сертификат, 31 рұқсат) және тауарларды әкелу/әкету үшін қажетті алдын ала ақпаратты (мөлшерлемелер, тарифтер, КТжС сомасы) алуға, тауарларға қатысты мемлекеттік бақылаудың қандай шаралары қолданылатынын айқындауға мүмкіндік береді.

Кедендік операциялар бойынша ақпарат алу үшін Портал 13-тен астам ақпараттық ресурстарды біріктірді. Қосымша 11 ақпараттық жүйемен интеграциялау көзделген.

«Бірыңғай терезе» бізге сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қызмет көрсету уақытын 30 күннен 5 күнге дейін азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды, кеден және басқа да мемлекеттік органдардың іс - қимылының ашықтығы артты», - деп атап өтті министр Жамаубаев.

Тауарларды сақтауға және брокерлік қызметтерге шығындарын қысқарту есебінен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың үнемдеуі 150 млрд теңгені құрады.