ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстанның Даму Банкі 2019 жылғы қызметінің қорытындылары және 2020 жылы атқарылатын жұмыстары мен міндеттеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) кредиттік қоржынын ұлғайтуды жалғастыруда, оның көлемі 2019 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша 2018 жылмен салыстырғанда 31,5 млрд теңгеге немесе 1,9 % ұлғайып, 1 728 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте 2013 жылмен салыстырғанда Даму Банкінің кредиттік қоржынының көлемі 4,6 есе немесе 356% өсті.

ҚДБ 2019 жылды оң қаржылық нәтижемен аяқтады – аудиттелмеген деректер бойынша шоғырландырылған таза пайда 7,5 млрд теңгені құрады. Меншікті капиталдың көлемі 424,1 млрд теңгені құрады, өсім 2018 жылмен салыстырғанда 12,8% құрады.

Есепті кезең ішінде экономиканы несиелеуге ҚДБ тарапынан 481 млрд теңге салынған, ал тікелей кредиттеу шеңберінде Банк жалпы сомасы 436,5 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жобаны және шикізаттық емес салалар кәсіпорындарының 3 экспорттық операциясын қаржыландыруды мақұлдады. Бұл Қапшағай қаласындағы қуаты 100 МВт СЭС құрылысы, «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысы, Шымкент қаласындағы метил-трет-бутил эфирін өндіретін зауыттың құрылысы, Ақтоғай КБК қайта өңдеу қуаттарын кеңейту, ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қол жетімділікпен қамтамасыз ету, Ақмола облысындағы бройлер өсіретін құс фабрикасының 2 кезеңінің құрылысы сияқты ірі жобалар.

Қорландыру құрылымындағы мемлекеттік қаражаттың үлесін азайту мақсатында Даму Банкі баламалы көздерді іздестіруге назар аударады. Қажетті қорландыру базасын қамтамасыз ету үшін Даму Банкі капиталдың ішкі нарығында да, халықаралық нарығында да әртүрлі қарыздану құралдарын – облигациялар шығару мен орналастыруды, банкаралық және бюджеттік кредиттер тартуды, депозиттер тартуды, кредит желілерін игеруді және т.б. пайдаланады.

2020 және 2021 жылдары Банк тиісінше 430-458 млрд теңгеге жуық сомадағы жобалар бойынша игеруді жоспарлауда. Осылайша, 2021 жылға қарай Банктің кредиттік қоржыны шамамен 2 трлн теңгені құрайды. Ағымдағы жылы ҚДБ несиелердің жалпы құны 1 трл теңгені құрайтын ықтимал жобалар қоржынын айқындады, олардың салалық құрылымы негізінен өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылымдағы жобалардан тұрады.