Орталық коммуникациялар қызметі алаңында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша Бірыңғай дистрибьютор қабылдаған шараларға тоқталған ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков COVID-19 емдеу бойынша екі айлық дәрілік заттар қоры қалыптастырылғанын, 8,2 млрд теңгеге сұранысқа ие 44 дәрілік препараттың сатып алынатынын атап өтті. Оның 30-ы сатып алынды, қалған позициялар бойынша сатып алу 7 қыркүйекке дейін жүргізіледі деп күтілуде.

Маманның айтуынша, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмек тізімі кеңейтілді, COVID-19 нозологиясы енгізілді, оған дәрілік заттардың 5 түрі кіреді, соның ішінде антипиретиктер және антикоагулянттар.

Пандемия кезеңінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер өндірістік қуаттылықты едәуір арттырды. Медициналық маскалар мен қорғаныс костюмдерін өндірушілер саны 6-дан 15-ке дейін өсті. Бұдан басқа, дәрілік заттардың қосымша 50-ден астам түрін шығару жоспарлануда.

«Қазақстан нарығына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығаруды жеделдету мақсатында дәрілік заттарды жеделдетілген сараптамадан өткізу және 70 күнтізбелік күнге дейінгі мерзім ішінде (бұрын – 210 күн), ал медициналық бұйымдарды 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімде мемлекеттік тіркеу қарастырылған», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.