Елордалық мектептер Bilimland білім беру платформасын пайдалануға келісім-шарт жасасты, 40 оқу орнында Microsoft teams стриминг режимі үшін Daryn online қолданылатын болады. 30 тамыздан бастап барлық оқушылар мен мұғалімдерге платформалар қолжетімді болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мәлім етті.

Оның айтуынша, шамамен 34,5 мыңға бірлік компьютерлік техника сатып алынды және бірінші кезекте әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардан шыққан балалар қамтамасыз етіледі.

«20 тамыздан бастап елордалық мектептер оқушыларға компьютерлік техника, ал 25-інен бастап роутерлер таратыла бастады. Бүгінгі таңда 9 мыңнан аса компьютер, 13,3 мың роутер берілді. Тиісті жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ 17 баспадан шыққан оқулықтар мектептерге түгелдей жеткізілді. Оқушылардың оқулықтармен қамтылуы 100% құрайды», - деді елорданың бас педагогы.

Айта кетейік, 12 480 мұғалім Stepik онлайн-платформасы арқылы Білім беруді жаңғырту орталығында қашықтықтан оқыту бойынша дайындықтан өтіп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтықтан оқыту» курсын аяқтады.

«Астаналық электрондық мектеп» электрондық платформасында барлық деңгейдегі педагогтарға арналған қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, видеосабақтар мен сабақтар, сандық білім беру ресурстары орналастырылған.