«Коронавирустық инфекция анықталған жағдайда қазақстандықтарға қажетті дәрі-дәрмек тегін беріледі. Препаратты тіркелген емханадан тегін ала аласыздар»,- деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

«Амбулаторлық жағдайда ем алатын 1 миллион науқасты емдеуге межеленген дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу үдерісі аяқталуға жақын. Мұның қандай игілігі бар? Егер сырқаттанып, вирус жұқтырдым деп күдіктенсеңіз, тіркелген емханаңызға барып қараласыз. Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмейсіз. Барған емханаңыз қолыңызға қажетті дәрі-дәрмектің барлығын береді», - деді Б. Қожахметов.

Ауруды асқындырмай, оның алдын алуға қажетті Парацетамол, Ибупрофен, Ривароксабан, Апиксабан, Дабигатран сынды препараттар аптаның соңына дейін еліміздегі барлық ауруханаларға жеткізіледі. Денсаулық сақтау ведомствосының ресми өкілі дәрі-дәрмек аймақтарға жөнелту бүгіннен басталатынын айтты.

Коронавируспен және аталған вирусқа ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелген препараттар сатып алынды. Қазіргі уақытта, осы жұмысқа жауапты бірыңғай дистрибьютор жалпы құны 8,7 млрд теңгені құрайтын 91 түрлі дәрі-дәрмекті жөнелтуде. Бұл - орта есеппен 40 мың науқасты қамтуға жеткілікті.

«Бес күннен кейін, яғни 15 тамыздан бастап тағы да екі айға жетерлік қор әзірленеді. Нақтылап айтсам, стационардағы 200 мың науқасты емдеуге жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі әзірленеді»,- деді ресми өкіл.