Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде білім беру саласының өкілдері желіде тараған айыптауларға жауап берді. Атап айтқанда, мәселе ақшаға қатысты. Пайдаланушылар миллиардтаған бюджеттік және несие қаражаты «босқа жұмсалды» деп жазған. Парламент депутаттары осыған қатысты сын айтқан болатын.

вице-министр Шолпан Каринова Дүниежүзілік банктің несиесі туралы айтып берді. Оның айтуынша, заем туралы шешім 2014 жылы қабылданған. 2018 жылы жобаны депутаттар қолдады. Содан бері 3 компонент іске асырылды, тағы сонша жоба кезекте тұр. Бірақ пандемия жағдайында ақша мүлдем қажет болмай қалды.

«Компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған болатын. Барлық бюджеттік қаражат 2021 жылы да қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру кезінде біз бірінші кезекте осы жұмыстың контенттік бөлігін қамтамасыз етуді жоспарладық. Бұл білім беру мазмұны, білім сапасын жақсарту, бағалау, оқулықтармен, инклюзивті біліммен қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жақсарту. Барлық компоненттер іске асырылып, сатып алынған жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс болатын. Бірақ пандемияға байланысты БҒМ шұғыл түрде компьютерлерді сатып алып, жеткізуге тырысты. Сондықтан компьютерлерді жедел түрде сатып алу үшін Дүниежүзілік банкке жүгіндік. Нәтижесінде, бұл қаражатты 2021 жылдан 2020 жылға ауыстыру үшін қосымша бюджет шығындары мен заңнаманы өзгертуге әкеп соқтыратын еді. Ал бұған 9 айдан 12 айға дейін уақыт қажет. Ал компьютерлерді 2021 жылдың наурыз айында ғана сатып алатын едік. Сондықтан министрлік компьютерлерді бюджет қаржысына сатып ала бастады. Бұл шешім қолдау тапты. Біз компьютерлік жабдықтарды сатып алуға және педагогтардың біліктілігін арттыруға қарастырылған қаражаттан бас тарттық», - деп түсіндірді вице-министр.

E-learning бағдарламасын қаржыландыруға 36 млрд теңге жұмсалды. Қаражат 2010-2013 жылдар аралығында бөлінді. 2016 жылдан бастап қаржыландыру толығымен тоқтатылды, -деді басқа вице-министр Бибігүл Асылова.

«Бюджеттен шамамен 36 млрд теңге жұмсалды, оның ішінде 28 млрд – жабдыққа, яғни жалпы білім беру процесінде пайдаланылған интерактивті тақталарға, компьютерлерге, серверлік жабдықтарға арналған шығыстар. Олар білім беру ұйымдарының балансында. Есеп комитеті тексеру жүргізді. Қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жоқ», - деп атап өтті Б.Асылова.

Шағын жинақты, ауылдық мектептерді жаңғыртуға тағы 27 млрд теңге жұмсалды. Қаржыны әкімдіктер үлестірді.