Биыл 25 мамырында Мемлекет басшысы Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы тұжырымдамалық жаңа заңға қол қойған болатын. Осыған орай, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Әділет вице-министрі Наталья Пан, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп берді.

Бұл заң ел Президентінің саяси реформалары пакетінің бір бөлігі және Қазақстанның саяси жүйесінің эволюциялық дамуындағы маңызды қадам болып табылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында тұңғыш рет бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

2019 жылғы 20 желтоқсанда Мемлекет Басшысы ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында өзінің қағидатты ұстанымын белгіледі және «митингілерді ұйымдастырудың хабарлама принципін енгізу қажет», - деп атап өтті.

Өздеріңіз білетіндей, 1995 жылғы Заң шеңберлі сипатқа ие. Негізгі құқықтық регламенттеу мәслихаттарға берілді. Бұл Заңнаманы өңірлерде түрлі құқықтық регламенттеуге алып келді. Осылайша Заңнаманың толық жетілмегендігі жергілікті өкілді органдардың түрлі талаптарын белгілеуге ықпал етті.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бейбіт жиналыстар өткізуге болатын орындарды ғана белгілесе, басқа өңірлер митингілер өткізуді қосымша регламенттеу бойынша жеке ережелер мен талаптарды айқындады. Бұл ретте, 1995 жылғы Заң өзінің тарихи миссиясын орындағанын атап өту қажет.

Жаңа заң еліміздің барлық өңірлерінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай Ережелерін бекітті. Бұл заңның негізгі мақсаты азаматтардың билікке талабын білдіруіне мүмкіндік жасау, ең бастысы адамдардың өз құқықтарын естіртуге жағдай тұғызу болып табылады.

Бірінші. Заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарының енгізілуі.

Екінші. Заң ұғымдық аппаратын енгізу.

Үшінші. Тұңғыш рет заңнамаға бейбіт жиналыстар өткізудің хабарлама тәртібі енгізіледі.

Төртінші. Заң бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың және оған қатысушылардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін бекіту көзделеді.

Бесінші. Мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу.

Алтыншы. Бейбіт жиналыстарды тек қана арнайы мамандандырылған орындарда өткізу, пикеттеуден басқа.

Жетінші. Заңмен тыйым салынған орындарды қоспағанда, кез келген жерде жеке пикеттерді өткізу мүмкіндігі.

Сегізінші. Бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту негіздерінің толық тізбесін белгілеу.

Тоғызыншы. Үгіт-насихат институтын енгізу.