Алматы музейінде жеңіс туын тіккен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерліктің өшпес даңқы» атты көрме өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Экспонаттар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер әскери-тарихи музейі мен Алматы музейі қорынан алынған. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы батырларының фотосуреттері, құжаттары мен марапаттары, соғыс кезіндегі қару-жарақтар бар.
Сондай-ақ Кеңес Одағының батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов және 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан, Қазақ КСР Ішкі істер министрі — Андрей Георгиевич Платаевтың әскери киімдері мен медальдары да көрме экспозициясына қойылды.
Көрме 13 мамырға дейін жалғасады.