«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріп тегін дәрімен қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдарға дәрілік заттарды жеткізуді бастауға дайын екендігі туралы баяндады.
«Қазіргі кезде бірыңғай дистрибьютор 2019 жылға арналған дәрілік қамтамасыз етуді қаржыландырудың жалпы сомасының 90% сатып алды. Сатып алынған препараттарды бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына жеткізу желтоқсан айынан бастап жүргізілуде, қазір дәрі-дәрмектің басым бөлігі бүкіл Қазақстан бойынша транзиттік қоймаларға тасылды. Заң бойынша медициналық ұйымдардан түбегейлі өтінімдерді жинауға 10 жұмыс күні кетеді. Алайда біз түбегейлі өтінімдерді жинауды бүгіннің өзінде аяқтаудамыз және келесі аптадан бастап препараттар емханаларға түсе бастайды», - деп мәлімдеді Берік Шәріп.
Бұдан басқа, «СК-Фармация» ЖШС басшысының айтуы бойынша қазір дәрілік заттардың ауыспалы төмендемейтін қорынан 13 млрд теңге сомасындағы препараттар медициналық және дәріханалық ұйымдарға қолжетімді.
«2019 жылға арналған тегін дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынған дәрі-дәрмектердің тізімі 1144 позицияны қамтиды. Барлығы медициналық ұйымдар 203,5 млрд теңге сомасында алдын ала өтінім берді. Дәрі-дәрмектердің 421 атауы 45 ауру бойынша диспансерлік есепте тұрған пациенттерді амбулаториялық емдеу үшін анықталды. Олар үшін 105,1 млрд. теңге сомасында, ал 953 атауы 98,4 млрд. теңге сомасында дәрі-дәрмектер стационарлық көмек көрсету үшін сатып алынуда», - деді ол.
Сондай-ақ, тегін дәрілер алатын пациенттер үшін жүзеге асырылып жатқан кері байланыс құралы туралы еске салып өтті.
Компанияда халықты тегін дәрілермен қамтамасыз ету мәселелері бойынша 1439 байланыс орталығы, диспансерлік пациенттер үшін тегін берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімі, көлемі және жоспарланған күні туралы ақпаратты ұсынатын операторлар жұмыс істейді. «Бұдан басқа, дәрілердің нақты босатылуына мониторинг жүргізу үшін «Дәрілік қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне сәйкес тегін препараттар алған пациенттерге SMS-хабарламалар тарату жалғасуда.