Елордада 1998 жылдан бері жұмыссыздық деңгейі 12,8 пайыздан 4,5 пайызға дейін төмендеген. Бұл - республикадағы ең төменгі көрсеткіш, деп мәлімдеді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

"Егер 20 жыл бұрын орташа айлық мөлшері 10 мыңға да жетпейтін болса, бүгінде 230 мың теңгеден асады", - деді Сұлтанов қала активімен өткізген жиналыста.

Әкім әлеуметтік инфрақұрылым ауқымды жобасының құрылысы аясында 20 жылда 20-дан аса республикалық және қалалық денсаулық сақтау нысандары және 30-дан аса балабақша мен мектептер салынғанын атап өтті.

Әкімнің айтуынша, осы жылдардың аралығында қала көлемі 3 есе ұлғайған, тұрғын үй құрылысы 19 есеге, халық саны 4 есеге көбейген.