Қазіргі уақытта Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық теледидарға көшті, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.

«Осылайша, ауылдағы ағайын 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр. Биыл біз Алматы, Павлодар мен Қостанай облыстарында цифрлық xабар таратуға ауыстыруды көздеп отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады деген жоспарымыз бар», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен министрліктің алқа мәжілісінде.

Айта кетсек, былтыр елімізде аналогтық теле-радио xабарларды таратуды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары басталған болатын.

Сонымен қатар, мемлекеттік радио xабарларларын таратудың ауқымын ұлғайту шаралары да жалғаса беретінін де атап өтті.

Өткен жылы Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шекара аймағына Қазақ радиосы мен Шалқардың хабарлары тарала бастады.

«Қазтелерадио»-ға осы жұмысты ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл - біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігімізге тікелей ықпалы бар шаруа. Еліміздің ең шалғай жерлерін мекендеп отырған азаматтар радио қабылдағыштары арқылы Қытай немесе Ресей емес, Қазақстанның Әнұранын тыңдауы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түріп, жасөспірімдеріміз қазақ әндерімен сусындауы қажет деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев.