«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» еліміздегі экология мәселесі өзекті аймақтарда экологиялық қоғамдық бақылау жүргізбек.

«Бүгінгі күнде экология мәселесі өте өзекті мәселе болып табылады. Соңғы жылдары көптеген өнеркәсіптік аймақтарда экологияға байланысты әлеуметтік резонанстық оқиғалар да болып жатыр. Соған байланысты біздің экологиялық қауымдастық тарапынан жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бірінші осындай кәсіпорындармен жұмыс жасау арқылы кәсіпорындардың жасыл рейтінгін жасау. Елімізде жыл сайын қоршаған ортаның жағдайы мәселесіне байланысты Ұлттық есеп дайындалады. Сол есепке сәйкес тұрақты ластағыштардан шығатын зиянды заттар көлемі 2 млн. тоннадан артық болады екен. Оның үлкен көлемі осы Қарағанды, Павлодар облысы, Ақтөбе, Атырау облыстары, яғни, өнеркәсіптік аймақтар болып табылады. Рейтингтің негізінде арнайы анализ жасадық, сонда көргеніміз көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар бүгінгі күнде қоғамдық ұйымдармен, қоғаммен дайын», - деді «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов.

Айтуынша, экологиялық кодексте арнайы 15-бөлім бар, соған сәйкес экологиялық қоғамдық бақылау инструменті бар. Алайда, соңғы жылдары бұл инструмент жұмыс істемей тұр. Сол себепті қауымдастық арнайы экологиялық бақылауды атқару жөнінде арнайы институт құруды жоспарлауда.

«Осы жылдың ішінде біраз аймақтарға барып, сол аймақтарда экологиялық қоғамдық бақылау жасағымыз келіп отыр. Ол Атырау т.б. Одан бөлек экологиялық проблемалардың дискартасын жасау туралы жоспарымыз бар», - деп атап өтті «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ, қауымдастық 2018 жылы аймақтармен кешенді жоспарларды қабылдады. Нақтырақ айтқанда Астана қаласы, Қызылорда қаласы, Қарағанды облысы бойынша кешенді жұмыстар жасалған болатын. 8 бөлімнен тұратын жоспар бойынша іс-шаралар жүргізілген.