«Маңызды» сараптамалық алаңында жастар саясаты мен және жастар стартаптарын дамыту үшін перспективалық ұсыныстар әзірленіп, талқыға салынады.

«Жастар саясатын дамытуға арналған сараптамалық алаңның міндеті – азаматтардың ақпаратпен хабардар болуының тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасты нығайтуға жағдай жасау. Біздің бағыттардың бірі ‒ сараптамалық ортаны қалыптастыру», - деді Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Руслан Әлішев.

Сонымен қатар, ОКҚ басшысы басты мақсат ретінде бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ету ғана емес, ақпараттық кеңістіктің қажеттіліктеріне арналған жаңа форматтарды іздестіру мақсатында сарапшылар тобын құру екендігін де атап өтті.

Осыған дейін де Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаттарынан бөлек, «Шыңтөбе», «Галстуксыз кездесу», «KazTalks» сынды əртүрлі форматтағы баспасөз іс-шаралары өткізілген болатын. «Маңызды» сараптамалық алаңының құрылуы ‒ осы дəстүрдің жалғасы болмақ.

Айта кетсек, «Маңызды» сараптамалық алаңының алғашқы жиыны жастарды жұмыспен қамту және стартаптарға назар аударуға байланысты «Жастар және Start up» тақырыбына арналды.