"Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық", - деді Президент.

"Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек", деп атап өтті Мемлекет басшысы.

"Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.

Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын.

Тағы бір өзекті мәселе – бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару.

Мен бұл жұмысты бүкіл ел аумағында жүргізуді тапсырдым. Абай облысында қазірдің өзінде осындай 200 мың гектар жер анықталды. Соның 62 мың гектары қайтарылды.

Қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ үлестіріп, ел игілігіне тиімді пайдалану аса маңызды. Жалпы, бұл жұмыс одан әрі жалғасады.

Аймақтың жер қойнауы полигонның кесірінен жылдар бойы игерілген жоқ. Сол себепті, облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Қазба байлықтар көптеп табылады деп ойлаймын.

Тау-кен өнеркәсібін дамыту облыс экономикасын жандандырады. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді", - деді Қ.Тоқаев.