Рустам Жүрсінов Президентке 2022 жылы 4408 өтініш келіп түскенін, оның 1530-ы (34%) оң шешімін тапқанын және 1030 (23%) өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ былтыр бизнес-омбудсмен еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлермен кездесу өткізген.

Уәкіл өткен жылы рейдерлікке қарсы күресті күшейтуге және бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғауға қатысты түзетулер заңнамаға енгізілгенін жеткізді.

Сонымен қатар Президентке кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеуші саясатты енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің есебін қабылдап, бизнеске қатысты әкімшілік кедергілерді анықтауға және оларды жою шараларын әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.