Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз құттықтауында ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары ортақ қазақ және өзбек халықтары Рамазан айын бейбітшілік пен тыныштықта, өзара құрмет пен бірлік рухында қарсы алып жатқанын жазды.

– Соңғы жылдары біздің өзара күш-жігеріміз бен жақын достық байланыстарымыз бауырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Бұл ортақ нәтиже біздің өңірдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Осынау қасиетті күндері мен Жаратушыдан Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еліңізді дамытып, көркейту жолындағы қызметіңізге табыс, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін, – деп жазылған Өзбекстан Президентінің жеделхатында.

Сауд Арабиясының Королі – Қос киенің сақшысы Салман бен Әбделазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Королінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қасым-Жомарт Тоқаевты қасиетті Рамазан айымен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, бақыт тіледі. Сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының  одан әрі дамып, гүлдене беруіне тілектестік білдірген.

БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қасым-Жомарт Тоқаевқа денсаулық, бақыт, ал қазақстандықтарға – бақ-береке тілеп, жылы лебізін жолдаған.

Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәни Мемлекет басшысына денсаулық пен игілік, ал Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруін тілеген және елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысын Иран Президенті Ибрахим Раиси, БАӘ Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Қатар Мемлекеті Әмірінің орынбасары Абдалла бен Хамад Әл Тани, Марокко Королі VI Мұхаммед, Кувейттің Тақ мұрагері Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, Ливия Президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнис Әл Манфи, Палестина Мемлекетінің Президенті Махмуд Аббас құттықтады.